Бейсенбі, 29 қазанда Астанада «Зиянды еңбек жағдайларындағы еңбекті қорғау және жұмыскерлерді әлеуметтік қолдау жүйесін түрлендіру: өтемақы төлеуден кәсіби тәуекелдерді басқаруға көшу» деген тақырыпта дөңгелек үстел өтті. Жиынды Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбекті қорғау республикалық ғылыми-зерттеу институты ұйымдастырды. Отырыста Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының ұстанымын ҚРКФ Бас техникалық инспекторы Марат Имаш таныстырды.

Шараға мемлекеттік органдардың, ғылыми ортаның, жұмыс берушілердің, кәсіподақтардың және салалық ұйымдардың өкілдері қатысты. Қатысушылар еңбекті қорғау механизмдерін жетілдіру, кәсіби тәуекелдерді бағалауды қолдану, жұмыс берушілердің әлеуметтік кепілдіктерге жұмсайтын шығыстарының динамикасын және еңбек қауіпсіздігін басқару жүйесіне цифрлық шешімдерді енгізу келешегін талқылады.
ҚРКФ Бас техникалық инспекторы Марат Имаш кәсіби тәуекелдерді бағалау тәсілдері өзгерген жағдайда жұмыскерлердің еңбек құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін сақтау мәселелері бойынша кәсіподақтардың ұстанымын жеткізді.
Ол өз сөзінде өндірістік қауіп-қатерлердің салдарымен күресуден олардың алдын алу жүйесіне көшу - еңбекті қорғау жүйесін дамытудың қажетті бағыты екенін атап өтті. Дегенмен, бағалаудың жаңа әдістері төлемдердің негізсіз азаюына, жұмыскерлер жағдайының нашарлауына немесе олардың әлеуметтік құқықтарының шектелуіне алып келмеуі тиіс.
«Жұмыскерлерге берілетін жеңілдіктер мен өтемақылар — бизнеске артық шығын емес. Жұмыс орнында әлі толық қауіпсіз жағдай жасалмаған соң, бұл — адамның денсаулығына төленетін ең төменгі өтемақы. Қауіп-қатерді азайту үшін қағаз жүзіндегі есепті өзгерте салып, өтемақыны қысқартуға болмайды. Одан да құрал-жабдықты жаңартып, жұмыс орнын шын мәнінде қауіпсіз ету керек», - деп атап өтті Марат Имаш.
Баяндамада зейнетке шығуға жақындаған жұмыскерлерді қорғау мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Марат Имаш тәуекелдерді бағалау әдістемесінің өзгеруі міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының аударылуына, зиянды жағдайдағы жұмыс өтілінің есептелуіне және 55 жастан бастап арнаулы әлеуметтік төлемді алу мүмкіндігіне кері әсерін тигізетін жағдайларға жол бермеу қажеттігіне назар аудартты.
«Кәсіподақтар федерациясы кәсіби тәуекел деңгейлерін негізгі әлеуметтік кепілдіктерге сәйкестендіретін бірыңғай нормативтік жүйені әзірлеу қажет деп есептейді. Ал егер жұмыс орны шынымен қауіпсіз болып, жағдай жақсарса, үнемделген ақшаны ұжымдық шарт арқылы жұмыскерлердің айлық тарифтік жалақысын көбейтуге жұмсау ұсынылады», - деді Марат Имаш.

Сонымен қатар, кәсіби тәуекелді жекелей бағалау мәселесіне де тоқталды. ҚРКФ өкілінің айтуынша, бұл жүйе көп жылдық тәжірибесі бар білікті мамандарды жасына немесе денсаулығына байланысты жұмыстан ысырып тастау үшін емес, керісінше, жұмыс орнын сол адамның қажеттілігіне ыңғайлап бейімдеу үшін қызмет етуі тиіс.
«Бағалауды жекелендіру - бұл жұмыскерді жарамсыз ету емес, жұмыс орнын адамға ыңғайлау! Кәсіподақтар федерациясының ұсыныстарының бірі - еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестердің рөлін күшейту. Баяндамада келтірілген деректерге сүйенсек, Қазақстанда 11 200-ден астам өндірістік кеңес және 17 000-нан астам еңбек жөніндегі техникалық инспектор жұмыс істейді», - деді Марат Имаш.
ҚРКФ Бас техникалық инспекторы кәсіпорындардың мемлекеттік органдарға жіберетін еңбек қауіпсіздігі, еңбек жағдайлары және өндірістік жарақаттану жөніндегі мерзімді есептерін өндірістік кеңестермен міндетті түрде келісу мәселесін заңнамалық тұрғыдан бекітуді ұсынды. Кәсіподақ өкілдерінің пікірінше, бұл ақпараттың шынайылығын қамтамасыз етеді, еңбекті қорғауды бақылауға жұмысшылардың өзін араластырады және жағымсыз оқиғаларды жасырып жабудың жолын кеседі.
Еңбекті қорғау жүйесін жетілдірудің маңызды бағыты ретінде цифрландыру атап өтілді. Мұнда кәсіподақтар технологияларды жұмыскерлерді бақылау үшін емес, ең алдымен өндірістік ортаны қадағалау және қауіпті жағдайлардың алдын алу үшін пайдалануды қолдайды.

Атап айтқанда, өндірістік учаскелердегі цифрлық датчиктер мәліметтерін еңбек жөніндегі техникалық инспекторларға қолжетімді ету және ықтимал қауіпті жағдайлар мен шағын жарақаттарды дереу тіркеу жүйесін дамыту ұсынылды. Бұл апатты жағдайларды қайғылы оқиғаға айналмай тұрып, ерте бастан алдын-алуға мүмкіндік береді.
Марат Имаш сөзін қорытындылай келе, еңбекті қорғау жүйесінің тиімділігі өтемақыға кететін шығындарды азайтумен емес, жұмыскерлердің өмірі мен денсаулығын сақтаумен, өндірістік жарақаттануды төмендетумен және қауіпсіздік мәдениетін арттырумен бағалануы тиіс екенін атап өтті.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы кәсіби тәуекелдерді басқарудың заманауи үлгісіне көшу үшін мемлекеттің, жұмыс берушілердің, салалық ғылымның және кәсіподақтардың бірлескен үйлесімді әрекеті қажет деп есептейді. Тек тиімді әлеуметтік әріптестік орнағанда ғана еңбек жағдайын шынайы жақсартуға, әлеуметтік кепілдіктерді сақтауға және қауіпсіздікті құрғақ талап емес, әрбір кәсіпорынның күнделікті басты басымдығына айналдыруға болады.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы