Бейсенбі, 29 қазанда Алматыда күтім экономикасы бойынша екі күндік Орталық Азия семинары өз жұмысын бастады. Шара Еуропалық Одақтың қолдауымен БҰҰ Даму бағдарламасының CHANGE және EQUANOMICS өңірлік бағдарламалары аясында «БҰҰ Плаза» алаңында ұйымдастырылды.
Семинарға Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан және Өзбекстанның мемлекеттік органдарының, халықаралық ұйымдардың, академиялық орта мен азаматтық қоғамның өкілдері қатысуда. Қатысушылар гендерлік ерекшеліктерді ескеретін күтім жүйелерін дамыту, әлеуметтік инфрақұрылымға инвестиция тарту, еңбек құқықтарын қорғау және ресми жұмыспен қамту мүмкіндіктерін кеңейту мәселелерін талқылауда.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының атынан ҚРКФ төрағасының орынбасары Гүлнар Жұмагелдиева, Алматы қаласы Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Зәуреш Өмірбаева және ҚРКФ Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Нина Османова қатысуда.

Семинардың алғашқы күнінде қатысушылар күтімді ұйымдастыруға қатысты мемлекеттік тәсілдер мен осы бағыттағы жүйелерді дамытудың өңірлік тәжірибесін қарастырды. Талқылаулар барысында балаларды, қарт адамдарды және мүгедектігі бар адамдарды қолдау, еңбек қатынастарын реттеу, әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігі және мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимыл мәселелері көтерілді.
Күтім экономикасына инвестиция салу мәселесіне арналған сессияда сарапшылар бұл саланың жұмыспен қамтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және отбасылардың әл-ауқатына ықпалын талқылады. Мемлекеттің күтім қызметтеріне жұмсайтын шығындарын негіздеу, жеке инвестицияларды тарту және халықтың әртүрлі топтары үшін қызметтердің қолжетімділігін сақтай отырып, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Семинарда сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Гүлнәр Жұмагелдиева күтім экономикасы әлеуметтік қызметтер аясымен ғана шектелмейтінін, оның адам капиталымен, отбасылардың әл-ауқатымен және еңбек құқықтарымен тікелей байланысты екенін атап өтті.
«Балаларға, қарт адамдарға және мүгедектігі бар адамдарға қамқорлық жасау – отбасының ғана міндеті емес. Бұл адам капиталының және тұтас қоғамның әл-ауқатының маңызды бөлігі», – деді ҚРКФ төрағасының орынбасары.
Оның айтуынша, бұл саланы дамыту үшін мемлекет, жұмыс берушілер, халықаралық әріптестер, азаматтық қоғам және кәсіподақтар бірлесіп әрекет етуі қажет. Әлеуметтік әріптестік қызметкерлер мен олардың отбасыларының мүдделерін қорғауға және олардың қажеттіліктерін нақты шаралар арқылы қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Кәсіподақтар әлеуметтік әріптестіктің негізгі байланыстырушы буыны ретінде қызметкерлер мен олардың отбасыларының қажеттіліктерін ұжымдық шарттарда нақты көрсетілген әрі орындалуы міндетті талаптарға айналдыруға ықпал етеді», – деп атап өтті Гүлнар Жұмагелдиева.

Қазақстанда мұндай өзара іс-қимылдың негізін Үкімет, жұмыс берушілер бірлестіктері және кәсіподақтар арасындағы Бас келісім құрайды. Кәсіподақтар федерациясы отбасылық міндеттері бар қызметкерлерге арналған кепілдіктерді салалық және өңірлік келісімдерде, сондай-ақ ұжымдық шарттарда кезең-кезеңімен бекітуді қолдайды.
ҚРКФ ұжымдық шарттарға «Отбасылық міндеттері бар қызметкерлерді қолдау және күтім экономикасын дамыту» атты арнайы бөлім енгізу бастамасын ілгерілетуде. Ұсынылып отырған шаралардың қатарында жақындарына күтім жасау үшін қосымша ақы төленетін демалыс беру және қызметкерлерге материалдық қолдау көрсету бар.
Жұмыс орнында әйелдердің құқықтарын қорғау мәселесіне де ерекше мән берілді.
2026 жылы ҚРКФ Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиямен ынтымақтастық туралы меморандум жасасуды көздеді. Кәсіпорындарға бірлескен сапарлар барысында жұмысшы әйелдер тап болатын қиындықтар мен кедергілерді анықтау жоспарланған.
Гүлнәр Жұмагелдиева адамдарға күтім көрсететін мамандардың – медицина және әлеуметтік сала қызметкерлерінің, мұғалімдер мен күтушілердің еңбек жағдайларына да назар аударды. Оның пікірінше, бұл саланы дамыту әділ еңбекақымен, қауіпсіз еңбек жағдайларымен және әлеуметтік қорғаумен қатар жүруге тиіс.

Өңірлік талқылау барысында Кәсіподақтар федерациясының өкілдері күтім саласында еңбек ететін қызметкерлердің құқықтарын қорғау, оларға әділ еңбекақы төлеу мен әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз ету, сондай-ақ осы саладағы ресми жұмыспен қамтуды кеңейту қажеттігін атап өтті.
Семинардың екінші күні кәсіби стандарттар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы, күтім жүйелерін цифрландыру, мемлекет, кәсіподақтар, бизнес және халықаралық ұйымдар арасындағы әріптестік мәселелерін талқылау жоспарланған. Қатысушылар цифрлық шешімдердің жұмыскерлердің еңбек құқықтарына қосымша қауіп төндірмей-ақ, халық қажеттіліктерін ескере отырып, қызметтердің қолжетімділігін қалай арттыра алатынын қарастырады. Бұл ретте еңбек құқықтарына қатысты қосымша тәуекелдердің туындауына жол бермеу мәселесіне де назар аударылады.
Қорытынды интерактивті сессияларда практикалық ұсынымдар әзірлеу, басым бағыттарды айқындау және елдер арасындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін анықтау көзделген.Қатысушылар ұсынған бастамалар CHANGE және EQUANOMICS бағдарламаларының алдағы іс-шараларын одан әрі нақтылау кезінде ескерілетін болады.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы