Еңбек адамы - ұстаз Қадіркүл Шаймағанбетова

Салалық және өңірлік жаңалықтар 30.10.2026

Еңбек адамы - ұстаз Қадіркүл Шаймағанбетова

Шаймағанбетова Қадіркүл Бердібекқызы — Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, Қызылорда «Болашақ» университетінің аға оқытушысы. Оның білім саласындағы еңбек өтілі — 41 жыл.

 

Саналы ғұмырын жас ұрпаққа сапалы білім, тағылымды тәрбие беруге арнаған тәжірибелі ұстаз ұзақ жылдар бойы №176 орта мектепті абыроймен басқарды. Осы жылдар ішінде білім сапасын арттыруға, педагогтердің кәсіби тұрғыда шыңдалуына және ұжымның береке-ынтымағын нығайтуға сүбелі үлес қосты.

 

Тәжірибелі басшының жетекшілігімен мектеп ұжымы биік белестерді бағындырды. Алдымен, 2019 жылы мектеп ұжымы қала әкімінің «Бірлігі жарасқан ұжым» номинациясын жеңіп алды. Ал 2020 жылы Жапония елшілігінің «Шөп тамыры» бағдарламасы аясында грант жеңіп алып, білім ұясының материалдық-техникалық базасын айтарлықтай жаңартты. Сонымен қатар, дәл осы жылы ұжым облыстық кәсіподақ ұйымының «Үздік әлеуметтік әріптес» номинациясымен марапатталды.

 

Қадіркүл Бердібекқызы басшылық қызметте жүргенде кәсіподақпен тығыз ынтымақтастық орнатуға ерекше көңіл бөлді. Ол қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғауды, әлеуметтік кепілдіктерін сақтауды және жайлы еңбек жағдайын қалыптастыруды әрдайым басты назарда ұстады. Өйткені ол кәсіподақты қарапайым еңбек адамының заңды мүддесін қорғайтын ең сенімді әлеуметтік әріптес деп биік бағалайды.

 

Ағарту саласындағы көпжылдық жемісті еңбегі үшін ол 2021 жылы «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен, сондай-ақ бірқатар мемлекеттік және ведомстволық марапаттармен марапатталды.

 

2022 жылдан бастап Қадіркүл Шаймағанбетова Қызылорда «Болашақ» университетінде аға оқытушы болып қызмет істеп, өмірлік мол тәжірибесін болашақ педагогтердің бойына сіңіріп келеді.

 

Ардагер ұстаз зейнеткерлікке шықса да, өткен еңбегін елеп-ескеріп, ұдайы құрмет көрсетіп келе жатқан Қызылорда қалалық білім бөлімі мен қалалық кәсіподақ комитетіне шынайы алғысын білдіреді. Ұлағатты ұстаз мұндай қолдау мен ықыласты — адал еңбек адамына деген шынайы құрметтің жарқын көрінісі деп санайды.