Кәсіподақ өкілдері «Астана су арнасы» кәсіпорнындағы еңбек жағдайлары мен еңбек қауіпсіздігінің жай-күйімен танысты

Салалық және өңірлік жаңалықтар 30.10.2026

Кәсіподақ өкілдері «Астана су арнасы» кәсіпорнындағы еңбек жағдайлары мен еңбек қауіпсіздігінің жай-күйімен танысты

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының бастамасымен өткізіліп жатқан «Еңбекті қорғаудың бірыңғай күні» акциясы аясында Астана қаласы Кәсіподақтар орталығы мен Салалық кәсіподақ өкілдері «Астана су арнасы» МКК-ның Кәріздік тазарту құрылыстары нысанына барып, еңбек ұжымымен кездесті.

Кездесу барысында Астана қаласы Кәсіподақтар орталығының төрағасы, Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі Төлеген Күнәділов Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы негізгі басымдықтарға тоқталып, ең төменгі жалақыны арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу, инфрақұрылымды жаңғырту және жұмыскерлердің әлеуметтік қорғалуын күшейту мәселелеріне назар аударды.

 

Сондай-ақ «Халықтық құрылыс» бастамасының маңызына тоқталып, құрылыс саласының дамуы еңбек қауіпсіздігіне деген жауапкершілікті де күшейтуі тиіс екенін атап өтті. Осы орайда Қазақстан Халық кеңесінің Әлеуметтік жауапкершілік мәселелері жөніндегі комиссиясында құрылыс нысандарындағы еңбек қауіпсіздігін жетілдіру, бас мердігерлер мен қосалқы мердігерлердің міндеттері мен жауапкершілігін нақтылау жөнінде ұсыныстар енгізілгенін жеткізді.

 

Кәсіподақтар орталығының өкілдері кәсіпорындағы еңбекті қорғау жұмыстарының ұйымдастырылуымен, жұмыскерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларымен және техникалық инспекторлардың қызметімен танысты.Кәсіпорынның бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Күмісжан Бектасова еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметінің өкілдерімен таныстырып, аталған бағыттағы жұмыстар туралы ақпарат беруге мүмкіндік жасады.

Еңбек қауіпсіздігі қызметінің басшысы Самат Омаров кәсіпорында жұмыскерлердің өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған шараларға тоқталды.

Оның айтуынша, кәсіпорында еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау, өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздік, азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлардың алдын алу бағыттары бойынша сегіз маман жұмыс істейді. Олар бекітілген жоспарға сәйкес өндірістік нысандардағы еңбек жағдайларын тексеріп, қауіпсіздік талаптарының сақталуын қадағалайды, ықтимал тәуекелдерді анықтап, олардың алдын алу шараларын жүргізеді.

 

Сондай-ақ жұмыскерлердің еңбек қауіпсіздігі бойынша нұсқамалардан уақтылы өтуі мен өндірістік қауіпсіздік талаптарының сақталуы қадағаланады. Атқарылған жұмыстар тоқсан сайын қорытындыланып, ықтимал қауіп-қатерлердің алдын алу шаралары жетілдіріледі.

 

Кездесу барысында әлеуметтік әріптестік пен жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау мәселелері де назардан тыс қалған жоқ.

 

Құрылыс кешені және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметкерлерінің салалық кәсіподағы «Астана» қалалық филиалының төрағасы Тілеулес Мадьярова кәсіпорындағы ұжымдық шарттың маңызы мен келісу комиссиясының қызметіне тоқталды.

Ол ұжымдық шарт жұмыскерлердің әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғаудың, жұмыс беруші мен еңбек ұжымы арасындағы өзара міндеттемелерді айқындаудың маңызды құралы екенін атап өтті. Ал келісу комиссиясы еңбек қатынастары барысында туындайтын жеке еңбек дауларын заңнамада белгіленген тәртіппен қарауға мүмкіндік береді.

 

Өз кезегінде Астана қаласы Кәсіподақтар орталығы Заң клиникасының меңгерушісі Назгүл Әзтаева кәсіподақ мүшелеріне көрсетілетін тегін құқықтық көмек туралы ақпарат берді.

 

Оның айтуынша, Заң клиникасы жұмыскерлердің еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қорғауға бағытталған қызмет көрсетеді. Атап айтқанда, еңбек заңнамасының нормаларын түсіндіру, еңбек дауларын шешу жолдары бойынша кеңес беру, жұмыс берушімен туындаған келіспеушіліктерді заң аясында реттеуге көмектесу және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру жұмыстары жүргізіледі.

Астана қаласы Кәсіподақтар орталығы алдағы уақытта да еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізіп, кәсіпорындардағы еңбекті қорғау жағдайына қоғамдық бақылауды күшейту және еңбек адамдарының заңды мүдделерін қорғау бағытындағы жұмыстарын жалғастырады.