Халықаралық ынтымақтастық: ҚРКФ лайықты еңбек мәселесін ілгерілетуде

Федерация жаңалықтары 30.10.2026

Халықаралық ынтымақтастық: ҚРКФ лайықты еңбек мәселесін ілгерілетуде

30 қазанда Алматыда Еуропалық Одақтың қолдауымен БҰҰ Даму бағдарламасы CHANGE және EQUANOMICS бағдарламалары аясында ұйымдастырған Күтім экономикасы бойынша Орталық Азия семинары өз жұмысын жалғастырды.

Семинардың екінші күні кәсіби стандарттарды бекіту, қызмет көрсету сапасын арттыру, жүйені цифрландыру және күтім саласындағы әріптестікті дамыту тақырыптарына арналды. Халықаралық жиынға Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан және Өзбекстан елдерінен мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, жұмыс берушілердің, кәсіподақтардың және азаматтық қоғамның өкілдері қатысты.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының атынан ҚРКФ Төрағасының орынбасары Гүлнәр Жұмагелдиева, Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Нина Османова және Алматы қаласы Кәсіподақтар орталығының төрағасы Зәуреш Өмірбаева қатысты.

«Күтім саласындағы лайықты еңбек және сапа стандарттары» сессиясында қатысушылар қызметкерлердің кәсіби даярлығын арттыру, олардың жинақтаған тәжірибесі мен дағдыларын ресми тану, сертификаттау, сондай-ақ бұл саланы бейресми жұмыстан заңды еңбек түріне көшіру жолдарын талқылады. Бұл мәселелердің өзектілігі соншалық - күтім саласында негізінен әйелдер еңбек етеді. Алайда олардың көбі бейресми жұмыс істеп, аздаған жалақы алады және әлеуметтік жағынан да тиісті түрде қорғалмаған.

Келесі талқылау цифрландыру мәселесіне арналды. Сарапшылар халықтың қажеттіліктерін есепке алу, әлеуметтік қызметтердің халыққа қолжетімділігін анықтау және инфрақұрылымды жоспарлау үшін заманауи цифрлық құралдарды пайдалану жолдарын қарастырды. Сонымен бірге, платформалық жұмыспен қамтудың тәуекелдері де сөз болып, жұмысты ұйымдастырудың жаңа заманауи үлгілерін енгізу кезінде жұмысшылардың еңбек кепілдіктерін толық сақтау қажеттігі айтылды.

«Күтім саласын дамыту жолындағы көпжақты әріптестік» панельдік пікірталасында ҚРКФ Төрағасының орынбасары Гүлнәр Жұмагелдиева сөз сөйледі. Ол күтім жүйесін дамыту жауапкершілігі тек бір тарапқа жүктелмей, мемлекет, жұмыс берушілер, кәсіподақтар, азаматтық қоғам және халықаралық әріптестер арасында тең бөлінуі тиіс екенін атап өтті.

Өз баяндамасында ол кәсіподақтардың нақты мәселелерді шешудегі мүмкіндіктерін ашып берді. Оның ішінде еңбек кепілдіктерін салалық және өңірлік келісімдерде бекіту, ұжымдық шарттар аясын кеңейту, күтім саласы қызметкерлерін лайықты жалақымен, қауіпсіз жұмыс ортасымен және сенімді әлеуметтік қорғаумен қамтамасыз ету бар.

Сонымен бірге, жұмысшы ата-аналарға және кәсіби қызметін бала күтімімен, егде жастағы туыстары мен көмекке мұқтаж жақындарына қараумен қатар алып жүрген жандарға арналған жеңілдіктер мәселесі көтерілді. ҚРКФ Төрағасы орынбасарының пікірінше, мұндай міндеттемелер ұжымдық шарттарда міндетті түрде көрініс тауып, күнделікті еңбек қатынастарының нормасына айналуы тиіс.

Кәсіподақтар үшін бұл саланы кеңейтумен қатар, ең бастысы - жұмыскерлердің қоғамдағы мәртебесі мен қорғалу деңгейін де қатар көтеру. Әлеуметтік қызметтердің баршаға қолжетімді болуы, мамандардың кәсіби дамуы және сапалы жұмыс орындарын құру бір-бірінен бөлек емес, тығыз байланысты міндеттер ретінде қарастырылуы тиіс.

Семинар бағдарламасы интерактивті сессиямен қорытындыланды. Онда қатысушылар әртүрлі топтарға бөлініп, күтім экономикасын әрі қарай дамыту бойынша нақты ұсыныстар әзірледі. Жиында өңір елдерінде қолдануға болатын озық тәжірибелер, бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері, серіктестер табу және ұлттық әрі өңірлік деңгейде бірінші кезекте қолға алынатын шаралар талқыланды.

Барлық бастамалар «Ұсыныстардан нақты іс-әрекетке» атты пленарлық пікірталаста таныстырылды. Бұл әзірленген ұсынымдарды БҰҰ Даму бағдарламасы CHANGE және EQUANOMICS жобаларының алдағы жұмыстарын жоспарлауда кеңінен пайдаланатын болады.

ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы