07.07.2026
«Кәсіподақ әрекет етуде» республикалық науқаны аясында еңбеккерлердің әлеуметтік-еңбек құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Науқанның негізгі мақсаты – еңбек ұжымдарында туындайтын мәселелерді қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес шешуге ықпал ету, кәсіподақ мүшелеріне құқықтық қолдау көрсету және әлеуметтік әріптестік қағидаттарын нығайту.
Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде Қызылорда медициналық жоғары колледжінің кіші жұмыскерлерінен ұжымдық өтініш келіп түсті. Өтінішке ағаш ұстасы, аула сыпырушысы, сантехник және электрик лауазымдарында еңбек ететін 9 қызметкер қол қойған. Өтініште жұмыскерлер жыл сайынғы ақылы еңбек демалысының ұзақтығын отыз үш (33) күннен отыз тоғыз (39) күнге дейін ұлғайту мәселесін қарастыруды сұраған.
Аталған өтініш «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы тарапынан белгіленген тәртіппен қаралып, қолданыстағы еңбек заңнамасының талаптарына, салалық келісім мен ұжымдық шарттың нормаларына құқықтық талдау жүргізілді. Құқықтық сүйемелдеу жұмыстарын салалық кәсіподақтың заңгері Мұрат Абдрасулов жүзеге асырды.
Қарау барысында жұмыскерлердің көтерген мәселесінің құқықтық негіздері жан-жақты зерделеніп, жұмыс берушімен тиісті түсіндіру және келіссөз жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде жұмыскерлердің ұжымдық өтініші қолдау тауып, жыл сайынғы ақылы еңбек демалысының ұзақтығын 39 күнге дейін белгілеу жөнінде оң шешім қабылданды.
Бұл жағдай кәсіподақ ұйымының еңбек қатынастары саласында туындайтын мәселелерді құқықтық тетіктер арқылы тиімді шешуге қабілетті екенін және әлеуметтік әріптестіктің тиімділігін айқын көрсетеді. Кәсіподақ қызметінің басым бағыттарының бірі – еңбеккерлердің заңмен кепілдік берілген құқықтарының сақталуына ықпал ету, еңбек жағдайларын жақсарту және әлеуметтік кепілдіктердің толық көлемде қамтамасыз етілуіне жәрдемдесу.