Қызылордада еңбек адамының құқығы аппеляциялық сотта қорғалды

Жетістік

16.07.2026

Бүгін, 16 шілдеде Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы «ҚуатАмлонМұнай» БК ЖШС жұмыскері, кәсіподақ белсендісі Ғани Қаликбердиевке қатысты бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдырды. Осылайша, жұмыс берушінің апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалып, жұмыскердің заңды құқығы соттың екі сатысында да толық қорғалды.

 

Бұған дейін Қызылорда қалалық соты жұмыс берушінің жұмыскерге қолданған «қатаң сөгіс» түріндегі тәртіптік жазасын заңсыз деп танып, оның күшін жою туралы шешім шығарған болатын. Сот талқылауы барысында жұмыскердің «кәсіпорынның құпия ақпаратын жариялады» деген уәждердің дәлелденбегені анықталып, оның әрекеттері кәсіподақ ұйымының төрағасы ретінде еңбек ұжымының әлеуметтік-еңбек құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау шеңберінде жүзеге асырылғаны ескерілді.

Апелляциялық сатыдағы сот бірінші инстанция сотының қорытындыларын толық қолдап, қабылданған шешімнің заңды әрі негізді екенін растады. Бұл – еңбек заңнамасының үстемдігін қамтамасыз етудегі және кәсіподақ қызметінің құқықтық кепілдіктерін сақтаудағы маңызды сот тәжірибесі.

 

Аталған іс бойынша жұмыскерге құқықтық сүйемелдеу мен жан-жақты қолдауды Қызылорда облыстық кәсіподақтар орталығы мен бастауыш кәсіподақ ұйымы көрсетті. Кәсіподақ мамандары мен заңгерлердің жүйелі жұмысының нәтижесінде еңбек адамының бұзылған құқығы толық қорғалып, әділдік салтанат құрды.